Қазақстанда қаржыгерлерге сұраныс бар ма?

2018-04-16 18:06:41

MarekМарек, сіз қаржы бойынша сабақ бересіз, қаржы жөніндегі бағдарламаның академиялық директорысыз. Бүгінгі таңда осы салаға неліктен осынша үлкен қызығушылық танытылуда, кәсіби қаржыгер болу неліктен абыройлы?

– Шынымен де, бұл қазір де, бұрын да абыройлы.

Бірақ алдымен, әңгіме кім жайлы екенін нақтылап алайық. Менің түсінігімше, қаржыгер – бұл ірі ауқымды инвестициялаумен, капиталды басқарумен және т.с.с. айналысатын адам. Бұл қаржыгерлердің көп ақша табатынымен байланысты болуы мүмкін (күледі). Бірақ, мұнымен қатар, қаржыгерлердің маған ұнайтын қасиеті – олардың әртүрлі пәндер бойынша бүтін ұғымының, кең білімінің болуы және артықшылықтарды орната білуі. Бір жобадан екінші жобаға ауыса отырып, немесе көп жағдайда бірнеше жобаны бір мезгілде орындай отырып, олар үнемі жаңа жайттарға тап болады. Мен табысты қаржыгерлерді, әсіресе, мұраға қалдырылған ақшаның немесе аға-көкесінің көмегінсіз, өз еңбегінің, ақыл-ойының, зияткерлігінің, жасампаздығының және қайсарлығының арқасында өз байлығына жеткен қаржыгерлерді өте құрметтеймін.

Экономика бойынша көптеген бағдарламалар бар, соғын қарамастан, қаржы бойынша жаңа бағдарламалар ашылуда, неліктен? Осыншама көп адамдар осы мамандықты игергісі келе ме? Қаржыгерлер мен экономисттер арасында қандай айырмашылық бар?

– Қаржы – бұл экономиканың салыстырмалы түрдегі жас саласы. Экономика өз бетінше салыстырмалы түрдегі жаңа пән болып табылады, ол көп уақыт еленбеді. Экономикамен бірге басқару ғылым да дамыды: бизнесті жүргізу – бұл тәжірибенің мәселесі ғана емес, сонымен қатар тұғырнамалық, теориялық білім екенін кәсіпкерлер түсінді. Қаржы пәні МВА бағдарламасының немесе экономикадағы PhD деңгейіндегі академиялық бағдарламаларының құрамында оқытылды (және әлі күнге дейін оқытылуда). Бизнес-білім саласындағы соңғы беталыс – қаржы ғылымдарының магистрі (MSF) түрінде мамандандырылған қарқынды дайындық. Назарбаев Университеті MSF бағдарламасын 2017 жылы ашты. MSF дәрежесі қаржыға және сабақтас пәндерге (экономика, бухгалтерлік есеп, статистика, эконометрика, математика) негізделеді, сонымен қатар кейбір басқарушылық пәндерді өткізіп жібереді.

Сіз MSF бағдарламасының академиялық директоры болып табыласыз. Осы бағдарламаның бірегейлігі немесе артықшылығы неде?

– Менің ойымша, кез-келген білім беру бағдарламасының жетістігінің екі маңызды факторы бар, олар – үздік студенттерді іріктеу және оларға үздік профессорлардан білім алу мүмкіндігін беру. Біз осы бағытпен қозғалуға тырысамыз. Қазақстанда және шетелде үздік студенттерді табуға тырысамыз. Жақында мен Қытайдағы бір студенттен хат алдым. Біздің бағдарламамыз – GMAT немесе GRE тестінен өтуді талап ететін Қазақстандағы жалғыз бағдарлама. Сондай-ақ біз «жұлдызды» оқытушылар құрамын құраймыз. Біздің оқытушыларымыздың бірі – Тьери Пост, 2017 жылы экономика бойынша Нобель сыйлығын алған Ричард Талермен бірге ғылыми мақаланың авторласы болып табылады. Мен өзім 2013 жылы Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Шиллер Стокгольмда Нобель комитетінің алдында сөз сөйлеген кезде дәйексөз алған ғылыми мақаланың авторласымын. Сонымен қатар, біздің оқытушыларымыздың көбісі кем дегенді бір жергілікті тілді біледі және Қазақстанның кәсіби өміріне белсенді араласады: бизнеспен және үкіметпен байланыс орнатады, конференцияларда сөз сөйлейді.

Бұл бағдарлама түлектерге қандай мүмкіндіктер береді? Және ол кім үшін арналған?

– Түлектер мамандардың қажеттілігі, бос жұмыс орындардың саны, ақша көлемі және т.б. бойынша үнемі ұлғаятын қаржы саласында жұмыс істеу мүмкіндігін алады, себебі елде реформалар жалғасуда және жеке сектор ел экономикасында бірінші орынға шықты. Ұзақ мерзімді келешекте үздік түлектер өз қалауымен Лонданда немесе Wall Street орналасқан әлемнің жетекші қаржылық компанияларына жұмысқа орналаса алады. Сондай-ақ, Қазақстанның Ұлттық банкі ұсынған шәкіртақыларды алушылар Ұлттық банкке сайыстан тыс жұмысқа орналасу мүмкіндігін иеленетінін атап өткен жөн.

Бағдарлама қаржы, бизнес, іскерлік әкімшілендіру, экономика, статистика, математика және т.б. бойынша бакалавриат түлектеріне шақталған. Ең бастысы – қаржыға, нарықтарға, бизнеске деген қызығушылық, қаржы саласында жұмыс істеуге немесе өз бизнесіңді дамытуға деген уәждеме, сандармен, калькулятормен және Excel-мен жұмыс істеген кезде өзіңді жайлы сезіну. Әрине, біздің бағдарламамыз ағылшын тілінде өткізіледі, себебі отандық инвесторлар халықаралық жобаларды инвестициялайды, шетелдік инвесторлар бізге келеді, ал бизнес-тілдесудің заманауи жаһандық тілі – ағылшын тілі.

Қаржыгерлерге сұраныс бар ма? Олар болашақта жұмыс таба ала ма?

– Мен айтарлықтай оптимистпін. Бизнесті және жеке секторды дамытпай, Қазақстанға 2050 жылға қарай әлемдегі 30 дамыған ел қатарына кіру қиын болады. Жосарланатын жекешелендіру толқындары, шетелдік инвесторлар үшін ашықтықты арттыру, «Астана» халықаралық қаржы орталығы – осының барлығы қаржыгер мамандарға деген сұраныстың артуын куәландырады. Қаржы бағдарламалары бойынша түлектер компаниялардың қазынашылық, бухгалтерлік немесе қаржы бөлімдерінде корпоративтік қазынашы немесе CFO (қаржы директоры) ретінде жұмыс істей алады. Олар аудит саласында (мысалы, «Үлкен төрттікте») немесе консалтинг саласында, банктерде және сақтандыру компанияларында жұмыс істей алады. Өте керемет нәрсе – бұл инвестициялық банкинг және активтерді басқару. Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық банкі немесе Даму банкі сияқты ұйымдарда немесе Дүниежүзілік банк, ДВҚ, ДҚҚДБ, АДБ және т.б. сияқты ұлттық ұйымдардан жоғары тұрған ұйымдарда үкіметтік жұмыс орындары бар.

Қазақстанда жалпы қаржылық сауаттылық деңгейі қандай? Және нелікен бұл көрсеткіш маңызды?

– Жақында біз Назарбаев Университеті Бизнес жоғары мектебіндегі әрітестерімізбен бірге Қазақстандағы қаржылық сауаттылық деңгейін зерделеу бойынша зерттеу жүргізу үшін грант ұтып алдық. Біздің қазіргі түсінігіміз қаржылық сауаттылық деңгейі лайықты түрде жоғары еместігіне негізделеді. Біз оны арттырудың тиісді әдістерін таба аламыз деп үміттенеміз. Қаржылық сауаттылық компаниялардың бизнес-шешімдерді қаншалықты дұрыс қабылдайтынына қатысты мәселесі ғана емес, сондай-ақ қарапайым азаматтар мен отбасылардың мәселесі болып табылады. Оларға да инвестициялық және қаржылық шешімдер қабылдау қажет: олар отбасылық бюджетті басқару, инфляция, тұтынушылық несиелер, несиелік карточккалар, ипотека, банкті таңдау, зейнетақы қоры сияқты мәселелерге тап болады. Осының барлығы қаржыға, пайдаға, тәуекелге, пайыздарға және т.б. қатысты базалық білімнің болуын талап етеді. Қаржылық сауаттылықты арттыра отырып, біз адамдардың дұрыс шешім қабылдау ытималдығын да арттырамыз.

Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру үшін не істеу қажет? Адамдар мен кәсіпкерлер пайдалана алатын бағдарламалар немесе ресурстар ашық түрде қолжетімді ме?

– Әрине! Қаржылық тұрғыдан сауатты және іскерлік тұрғыдан епті болу үшін дипломдық бағдарламадан өту қажет емес.  Егер сіз ағылшынша сөйлей алсаңыз, онда ғаламтор керемет дереккөз болып табылады. Khan Academy тегін дәрістерді, бейне роликтерді ұсынады, дәл осындай контентті Coursera және соған ұқсас сайттардан табуға болады. Біз инвестор болуды демоакаунттарды пайдалану арқылы үйренуді бастай аламыз, олардың көбісін тегін ашуға онлайн-брокерлер мүмкіндік береді, бұл сауда-саттыққа арналған олардың тұғырнамасын қалай пайдалануды білу үшін қажет. Біз қаржылық баспасөзді оқи аламыз және бизнестің жаңалықтарын көре аламыз.

Мақала forbes.kz сайтында қолжетімді.